Accessibility links

АҚШ сыртқы істер министрі қазақстандық әріптесінің уәделерін есіне салды


Ресейдің ИТАР-ТАСС агенттігі Вашингтонда Қасымжомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттары мен Қазақстанның күре тамыр әріптестігінің қазіргі жағдайына қанағат танытты деп сипаттады.

Ал бірақ Ройтерс, не болмаса Франс пресс сияқты басқа ақпарат агенттіктері АҚШ және Қазақстан сыртқы істер министрлерінің не бәрі жарты сағатқа созылған әңгімесінен мүлдем басқаша хабардар етеді.

АҚШ министрі қазақстандық әріптесіне сайлау тәртібін дұрыс жолға қою жөнінде, адам құқықтарының аяққа тапталып жатқаны жөнінде , сөз бостандығы жөнінде мәселе қойды. Кездесу кезінде Қазақстан экономикасының ахуалы, адам саудасына қарсы заң қабылдау мұқтаждығы, Ирақ пен Ауғанстандағы жағдай қозғалды,- деп хабарлайды Ройтерс агенттігінің тілшісі Аршад Мұхамед Вашингтоннан.

Қазақстан оппозициясының және тәуелсіз баспасөзінің талқандалуын халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар қатты сынап келеді. АҚШ сыртқы істер министрлігі былтырғы жылдағы әсіре сілтеулердің жарасын тезірек жазуға шақырды. Қазақстан демократиялық қозғалысы деген жаңа ұйымның екі бірдей басшысы Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақиянов былтыр абақтыға айдалған болатын. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сыншысы, журналист Сергей Дуванов алдыменен саяси айып бойынша тергелді, сосын соққыға жығылды, ақыры қарабайыр қылмыстық айып бойынша түрмеге отырғызылды. Былтыр Қазақстанда бірқатар газет зорлықпен жабылды, олардың кеңселеріне өрт қойылды, журналистер соққыға жығылды. Бұндай үрдіс әлі де жалғасып отыр.

Саяси тұтқын деп танылған Мұхтар Әблязовқа биыл мамыр айында кешірім жасалса да, Ғалымжан Жақиянов пен Сергей Дуванов әлі абақтыда, бірқатар халықаралық ұйымдардың оларды азат ету талабы жерде қалды. Осы даулы мәселелерді Қазақстан министрі Қасымжомарт Тоқаев Ройтерс агенттігіне былай сипаттады:

- Қазақстан демократияға берік. Демократияға бет алғандығымыздан да алға басу міндетіміз өте маңызды. Бірақ біздің асықпай жылжығанымыз дұрыс шығар, алғашқыда күтілгендегідей тым шапшаң жүруіміз қажет болмаса керек. Демократияны орнату кейбір елдерде екі жүз жылдан аса уақыт алды. Бұл оңай шаруа емес, - деді Қасымжомарт Тоқаев.

Қазақстан сайлау жүйесі әділ емес деген сынға Тоқаев былай сипаттама айтты. "Халықаралық талаптарға лайық сайлау заңы жақын арада қабылданады деп күтіп отырмыз, және келесі жылға белгіленген парламент сайлауы жаңа заңмен өтуге тиіс", деді Тоқаев.

Франс пресс агенттігі Вашингтоннан хабарлап отырғандай, АҚШ министрі адам саудасына Қазақстанның тосқауыл қоймай отырғанын екі елдің қатынасына нұқсан келтіретін жайттардың бірі ретінде атады. АҚШ сыртқы істер министрлігі адам құлдығына жол беріп отырған он бес мемлекетті маусым айында төтенше шаралар қабылдауға шақырған болатын, аталған мемлекеттердің арасында Қазақстан да бар. Шетелдерде жұмыс тауып береміз деген жалған жарнамаға Қазақстанның талай азаматы алданып, өзге елдерде құлдықта жүр. Бұл – халықаралық қылмыстық ұйымдардың ісі. Қазақстан үкіметінен осы мәселеге немқұрайлықпен қарамау талап етіліп отыр.
XS
SM
MD
LG