Accessibility links

Баспасөзге шолу


Бірыңғай тестілеу республикалық басылымдарда әлі пікірталас тудырып отыр. Мәселен, газеттердің бірі тест өткізу барысында алаяқтардың жұмыс істегеніне назар аударса, сарапшылардың бірі жаңа тәсіл ауыл мектептерінің білім деңгейін әшкереледі дейді. Ал келесі бір басылым Қазақстанда әлі күнге дейін электр желісін пайдаланбайтын елді мекендер бар екендігін жазады.

“Ел мұқтажына жауапты әкімдер жайбарақат” деген мақалада “Егемен Қазақстан” газеті мемлекет назарына тыс, жырақта қалған шағын ауылдың тіршілігінен хабар береді. Газеттің айтуына қарағанда, Атырау облысындағы Төртқұдық ауылында электр желісінің тартылмауы салдарынан ондағылар “өркениеттен шет қалған күй кешуде”. “Электр жарығы болмағаннан кейін төртқұдықтықтар теледидар бағдарламаларын көре алмауда”, - дейді газет тілшісі.

Сонымен бірге, мақала авторы бұл ауылдың тіптен есепте жоқтығын, сол себептен, тұрғындарының елдегі саяси оқиғалардан да шеткері қалғандығын баяндайды. Мәселен, “осы ауылды мекендеген адамдар Мұқыр округіне қарасты өзге елді мекендерге тіркелген. Содан болар, былтыр мәслихат сайлауы кезінде бұл ауылға кандидаттардың бірде-бірі ат ізін салмаған”, - деп жазады “Егемен Қазақстан” басылымы. Мақала авторының айтуынша, “Төртқұдықтағы адамдар өзгелер секілді электрге қосылатын тұрмыстық бұйымдарды пайдалануды, үтіктелген киім кигенді, теледидар жаңалығын, киносын көргенді, электр самауырынмен шай ішкенді аңсайды”. “Ал әкімдер жайбарақ отыр. Ауылдың, ұлттың болашағына бас аурытпайтын әкімдер кімнің көсегесін көгертеді”, - деп тәмамдалады “Егемен Қазақстан” газетіндегі мақала. “Жас алаш” газеті таяуда президенттің аудан, қала әкімдерін сайлауды 2006-2007 жылдан кешіктірмеу керек” деген сөзін еске ала отырып, 2001-ші жылы басталған ауыл әкімін сайлау нәтижесінің елеусіз қалғандығын тілге тиек етеді.

“Онсыз да кеш басталған әкім сайлау тәжірибесі аяқталғанына бір жылға жуық уақыт өтті. Алайда, мұны талдап, талқылауға, елге ресми жауап қатқан ешкім жоқ”, - дейді мақала авторы. Ол: “Зағипа Бәлиева басқаратын орталық сайлау комиссиясы бұған бас ауыртпайыны қалай?”- дейді. Газет тілшісі тағы да президенттің 1999 жылы “әкім орталықа алақан жайып жүрмей, өз аймағандағы қаржылық, шаруашылық және әлеуметтік жағдай үшін басымен жауап бермейінше, сайланбалылық туралы cөз қозғау мүмкін емес” деген сөзіне келтіре отырып, “содан бері бес жыл өтсе де, президенттің тапсырмасы орындалмай отыр”, - дейді. Мақала авторы әкімдер сайлауын өмірге әкелу халық пен биліктің арасында біте қайнасқан байланыс ортанады, саяси реформаны ілгері жылжытудағы тың бастама болады деген пікірде.



“Айқын” басылымында филология ғылымдарының докторы Әділ Ахметов бірыңғай тестілеу арқылы ауыл мектептерінің дәрежесі қандай деңгейде екені білінді дейді. Оның пікірінше, бірыңғай сынақ дер кезінде басталған шара. “Сол арқылы еліміздегі мектептердің деңгейі анықталды. Бұлай болмаған күнде сол баяғы күйімізбен жүре берер едік. Енді облыс басшыларынан бастап ата-анаға дейін ойланатын болады”, - дейді Әділ Ахметов.



Алайда, “Комсомольская правда Казахастан” басылымы “білім беру саласындағы шенеуніктер жиі айтатын бірыңғай тестілеудің 100 пайыздық тазалығы мен әділдігін қамтамасыз ететін механизм қазірдің өзінде жүрісінен жаңылыса бастады” деген қорытындыға келіпті. Себебі, осы мәселені сараптаған газет тілшісі бірыңғай тестілеу кезінде алаяқтардың жұмыс істегені анықталғанын айтады. Мәселен, олар өз білімдеріне сенімсіз талапкерлерге 800 долларға өз қызметтерін ұсынған. Яғни, саудагерлер олардың орнына жалған құжатпен өз адамдарын сынаққа кіріп отырған. “Жалған талапкерлердің өз ақысын абыроймен өтеген. Олардың әрқайсысы 76-100 балдан жинап, дым білместер жоғары оқу орындарының грант және несие бөлімдеріне түсіп кеткен”, - деп хабарлайды “Комсомольская правда Казахстан” басылымы.
XS
SM
MD
LG