Accessibility links

Тоқаев "халық наразылығын тудырған" үкімет, "Қазмұнайгаз" және "Қазақгазды" кінәлады


Алматыдағы наразылық.
Алматыдағы наразылық.

Қазақстан президенті 5 қаңтарда елдің "әлеуметтік-экономикалық жағдайына" қатысты шұғыл кеңес өткізді, деп хабарлады Ақорда сайты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, отставкаға кету жөнінде өтінішті премьер-министр Асқар Маминнің өзі берген. Қазақстан Конституциясы бойынша премьер-министр отставкаға кеткен жағдайда үкімет тұтас тарауы тиіс.

Тоқаев "атқару билігі инфляцияны тежеу бойынша негізгі міндеттерінің бірін" дұрыс атқара алмады деді.

Президенттің пікірінше, Маңғыстау облысына жіберілген үкімет комиссиясы, күштік құрылымдар мен Маңғыстау облысының әкімі жағдайды тұрақтандыру бойынша өз міндетерін атқарған. Дегенмен бұған дейін белсенділер аталған комиссия өкілдерімен кездеспегенін, оларды көрмегенін айтқан. Ал 3 қаңтарда Жаңаөзенде Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты халық алаңнан қуып жіберген.

Тоқаев "сұйытылған газ бағасының өсіп, халықтың наразылығының артуына" үкімет, оның ішінде Энергетика министрлігі, сонымен бірге "Қазмұнайгаз" және "Қазақгаз" компанияларын кінәлады.

Президенттің ойынша, "төтенше жағдай жарияланғаннан кейін Алматы мен Маңғыстау облыстарында жағдай біртіндеп түзеле бастаған". Ол "негізгі салмақ өз міндеттерін орындап жатқан ІІМ, СОБР және ұлттық гвардияға түсіп жатқанын" айтты.

Сұйытылған газ бойынша биржа саудасы мәселесіне тоқталған Тоқаев "сұйытылған газ саудасын ұйымдастыру мен жүргізу тәртібі пысықталмаған" деп мәлімдеді.

"Электронды сауда барысында бағаның өсуін шектеу тетіктері қарастырылмаған. Нәтижесінде Энергетика министрлігі электронды сауда бойынша жедел әрекет етіп, оны ауыздықтай алмаған" деді ол.

Тоқаев дегенмен "ешкім де шығынға батып, саудаласқысы келмейді" деді.

Кеңес соңында Тоқаев "әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар қосымша тапсырма" берген. Арасында 180 күн бойы мұнай өнімдерінің (бензин, дизель, сұйытылған газ) бағасын мемлекеттік реттеу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының да құнын мемлекеттік реттеу, "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасын әзірлеу сияқты "тапсырмалар" көрсетілген.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде газ бағасына байланысты басталған наразылық бірнеше күн ішінде Қазақстанның барлық-дерлік өңіріне жайылды. 4 қаңтарда Ақтау, Орал, Шымкент, Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Қарағанды, Талдықорған, Тараз және өзге өңірлерде "Жаңаөзенді қолдаған" акциялар өтті. Алматы мен астанада, Оралда полиция мен наразылар қақтығысты. Алматы мен Маңғыстау облысында 19 қаңтарға төтенше жағдай жарияланды.
  • Бастапқыда наразылар Батыс өңірі тұрғындарының басым бөлігі көлігіне пайдаланатын сұйытылған газ бағасын арзандатуды талап етті. Жаңа жылдан бастап отынның аталған түрі екі есеге қымбаттаған.
  • Наразылықтың үшінші күні билік газды 50 теңгеге дейін төмендетуге келісті, алайда наразылар саяси талаптар айта бастады. Олар президенттіктен кетсе де, саяси ықпалын сақталған Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен "толық кетуін", саяси тұтқындарды босатуды, қымбатшылық пен жемқорлықты жоюды талап етті.
  • 5 қаңтарда таңертең президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отставкасын қабылдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG