Баспасөзге шолу. 06 - 25 - 2004

Сайлау қарсаңында кейбір саяси партиялар мен жергілікті құқық қорғау орындары тосын іс-әрекеттерімен республикалық басылымдардың таңданысын тудырып отырса, қамауда жатқан оппозиция лидері Ғалымжан Жақиянов сайлау алдында тәртібі жеңілдетілген орынға ауыстырылмай қалу қаупі бар екенін жасырмайды.
Қазақстан президентінің саяси реформалар жасау бойынша бастамасын қоғам қолдап-қуаттауы үшін билік не істеуі тиіс? “Ассанди таймс” апталығының бұл сауалына “Ақ жол” партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбаев: “Алдымен Ғалымжан Жақияновқа бостандық беру қажет”, - деп жауап беріпті. Оның пікірінше, “бұл биліктің елге саяси өзгерістер жасау ниетінің шынайылығын айғақтар еді”. Әрі “билік пен демократиялы оппозиция ұстанымының жақындасуына септігін тигізбек”. Оппозиция лидері Ғалымжан Жақияновтың өзі осы газеттегі ресей басылымынан алынған сұқбатында әзірге түрме басшылығынан ешқандай ескерту алмағынын алға тарта отырып, заң бойынша тамыздың 2-де тәртібі жеңілдетілген орынға ауыстырылуы тиіс екендігін айтады. “Бірақ алдағы күзгі сайлау қарсаңында мені бостандыққа шығармау мақсатында жақын арада ескертулер жасалуы ықтимал”, - дейді Ғалымжан Жақиянов.

Қазақстанның демократиялық партиясының лидері Мақсұт Нәрікбаев: “Жақияновтың саяси тұтқын мәртебесі өзінен гөрі достарына көп қажет сияқты. Егер Жақиянов есімінің айналасында соншалықты дабыра көтерілмеген жағдайда ол баяғыда бостандыққа шығар еді”, - деп топшылайды “Начнем с понедельника” газетінде.

Оның пікірінше, “Жақиянов соттың оның саяси қызметі үшін емес, лаузымдық қылмысы үшін шығарған үкімі бойынша жауапқа тартылды”. “Сол себептен, оны саяси тұтқын деп атауға бізде құқықтық негіз жоқ”, - дейді бұрынғы Жоғары сот төрағасы. Оның ойынша, “Жақияновқа рақымшылық жасалу-жасалмауы өзіне байланысты. Ол президентке өтініш жасап, бұл мәселенің шешімін шығару президенттің құзырында”, - дейді Мақсұт Нәрікбаев. “Сайлау қарсаңында дауысты тосын тәсілдер арқылы да тартуға болады”, - дейді “Начнем с понедельника” газетінің келесі бір тілшісі “Гинекологтар сап түзеді” деген мақалада. Оның айтуынша, президенттік “Отан” партиясының алғашқы шабуыл нысаны – Жамбыл қаласындағы болашақ жас аналар болыпты. Себебі, акушер-гинеколог дәрігерлер “Отан” партиясының ана мен баланы қорғау апталығының аясында болашақ аналарды тексеруден өткізген. “Мың әйелді қарап шыққаннан кейін бір апта өтіп кетті де, жұмыс қайтадан партиясыз қалыпқа түсті”, - дейді мақала авторы.

Ал “Қызылордада жергілікті билік пен құқыққорғаушылар қылмыспен ғана емес, сайлау қарсаңында байқалатын менталитеттің кейбір ерекшеліктерімен күресуді көздеп отыр”, - деп хабарлайды “Литер” газеті. Себебі, мақала авторының айтуынша, бұл өңірде заң шеңберіне сыймайтын кейбір сайлау технологиялары сақталған. Айталық, “кейбір депутаттыққа кандидаттар әдет-ғұрыпты желеу етіп, жерлестерінің таңдауына сөзсіз ықпал ете алатын ақсақалдарға шапан жауып, сый-сыяпат жасап, батасын алады. Енді бұл құбылыстың түп-тамырына балта шабуға уәде етілді”, - дейді газет тілшісі.

“Сайлау -2004” науқанынының басты жаңалығы – электронды дауыс беру жүйесін енгізу үшін 4,2 миллиард теңге бөлінгенімен, оның айналысында туындаған түсініксіз жәйттарды баяндайды “Новое поколение” газетінің тілшісі Светлана Грибанова. Бұл орайда ол әр сайлаушыға берілетін штрих-кодтар көп әңгіме туғызғанын айтады. Оның мәліметтеріне қарағанда, “штрих-кодтар Астанада Орталық сайлау комиссиясында әзірленіп, құпия түрде жергілікті әкімшіліктерге жеткізіледі. Ал олар өз кезектерінде миграциялық қызмет орындарына табыс етуі тиіс”. Алайда, мұндай тәртіп сақталмай, газеттің кейбір тілшілері дауыс беруге қажетті құпия белгіні көршілерінің қолынан да алып жатқандығын тілге тиек етеді “Новое поколение” газетінде Светлана Грибанова. Газет сонымен бірге жаңа “Сайлау туралы” заң бойынша шетел азаматтарының партиялар мен кандидаттардың жұмысына араласуға тиым салатындығын хабарлайды. Осыған сәйкес “Халықаралық ұйымдардан грант алатын, шетел кеңесшілерін пайдаланатын кадидаттардың жолына тосқауыл қойылатындығын” баяндайды “Новое поколение” газеті. “Егер украиндар, ресейліктердің ізі байқалса, оны пайдаланушылар аластатылады”, - депті Орталық сайлау комиссиясының қызметкерлері. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның сайлау барысын бақылау қызметінің жетекшісі Роберт Бэрридің Мәжіліс төрғасымен кездесу кезінде тамыздың 5-нен бастап, осы ұйымның 20 шақты бақылаушыларының Қазақстанға келіп, әр облыс орталықтарында болатындығын айтқанын хабарлайды “Айқын” газеті. Ал “сайлау болатын күні олардың орнына 200 немесе 300 бақылаушы келетіні мәлім болыпты”.