Батыс газеттері Назарбаев 91 пайыз жинаса сайлау қортындысына наразылық неге мол деп таң қалады

Қазақстан президент сайлауы батыс демократиялық елдерінде шығатын ықпалды газеттерде қалай жазылып жатыр екен? "Нью-Йорк таймс", "Файненшл таймс" сияқты газеттер Қазақстандағы сайлау негізінен тыныш жағдайда өткенін айтады, президент Н.Назарбаев ұзақ мерзімді билігінде тағы жеті жыл қалады деп көрсетіп отыр. Батыс газеттері президент Назарбаев 91 пайыз дауыс жинады деген мәліметке баса назар аударады. Президент Назарбаевты қолдаған сайлаушылар соншалықты көп болса сайлау барысына наразылық неге аса мол деген сауал қойылады батыс газеттерінің көпшілігінде.
"Нью-Йорк таймс" газеті 5 желтоқсанда жарияланған мақаласында президент Назарбаевтың қарсыластарын ойсырата жеңіске жеткенін, мұнайға бай елді жетілдіруге сіңіріп жатқан Назарбаевтың еңбегін оппозиция бірден наразылық нысанасына алды деп жазады. Қазақстанда халықаралық талаптарға сай келетін сайлау бірде бір болған жоқ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары жаппай бұрмалаушылықты көрсетіп отыр, - дейді "Нью-Йорк таймс".

Британияда шығатын "Файненшл таймс" газеті президент Назарбаев бұрынғы Совет Одағында орын алған халық революциялар бәйгесін тоқтата білді, Грузия, Украина және Қырғызстанда ардагер президенттер тап болған жағдайдан құтылды, өзіне риза деп жазады. Қазақстан сайлауының қортындысын Ресей басшылығының жылы қарсы алғанына таң қалуға болмайды, президент Владимир Путин 2008 жылы биліктен кету керек, билік созу амалын Ресей басшылығы да қарастырып отыр. Бірақ батыс елдері үшін Қазақстан сайлауының қортындысын - екіұшты мәселе. Назарбаев 70 пайыз дауыс алды, оппозиция үміткері 30 пайыз алды дегенде Назарбаевтың батыстағы достары Қазақстанда саяси прогресс бар деп айтар еді. Бірақ Назарбаев 70 пайызды азсынды, ол бір өзін ғана билеп төстеуші ретінде көргісі келеді, оппозицияның үмітін жағатын мүмкіншілік қалдырғысы келмейді, - дейді "Файненшл таймс". Америка Құрама Штаттары мен Еуропа Одағы енді не істесе жөн? Әлемге Қазақстан мұнайы қажет, Қазақстан мұнайын экспортқа шығаруға мұқтаж. Сондықтан Қазақстанға экономикалық қысым жасауға болмайды, бұл кедей аймақтағы экономикалық дамуды бәсеңдетеді, деп қортындылайды "Файненшл таймс" газеті.

"Вашингтон таймс" газеті "Нью-Йорк таймс" газетіне қарағанда Қазақстан сайлауында бұрмалау жеке жағдайларда орын алды деп жазады 6 желтоқсан күні. Мемлекет иелігіндегі телекомпанияларға шығу жолдарын үкімет қадағалайды, бірақ оппозициялық газеттер мен веб-сайттар көптеген жағдайда цензурадан еркін, президенттікке кандидаттардың бейнеклиптері теледидарда еркін шығып тұрды дейді "Вашингтон таймс" газеті. Газет тілшісі Ариел Коеун мақаласын "Қазақстанда тұрақтылық жеңді" деп атапты. "Нью-Йорк таймс" газеті Назарбаевтың 91 пайыз алды дегенін Ислам Кәрімов пен Саддам Хұсейндердің осыған ұқсас сайлау нәтижелерімен теңестіріп отырса "Вашингтон таймс" газеті Қазақстандағы жағдай Өзбекстан мен Түркіменстандағыдай емес, оларды қуғын-сүргіндерге әуес диктаторлар Исләм Кәрімов пен Сапармұрат Ниязовтар басқарады дейді. Қазақстан күніне бір миллион баррель мұнай өндіреді, 2012 жылға таман мұнай өндірісі үш есе артпақ, Орталық Азияда ықпал жүргізуге Ресей мен Қытай бәсеке құрып отыр, сондықтан Қазақстанды стратегиялық серіктес ретінде Америка жоғалтып алмауы керек дейді "Вашингтон таймс". Назарбаев келесі президенттік мерзімінде қоғам реформасын алға бастырады, Қазақстанның дамып жатқанын дәлелдеу мақсатымен коррупцияға қарсы күрес жүргізеді, - деп жазады "Вашингтон таймс" газеті.

Британияда шығатын "Таймс" газеті 6 желтоқсан күнгі мақаласында Қазақстандағы президент сайлауы бәсекелес жағдайда өтті, еркін өтті деп мәлімдеген кейбір батыс бақылаушылары жайында жазады. Мәселен, "Британия парламент тобының" басшысы Лорд Паркинсон Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сыни баяндамасы жарияланбай тұрып алға шығып, сайлау әділ өтті деп мәлімдеді. Лорд Паркинсон Британия сауда және өнеркәсіп министрі екен. Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі Ораз Жандосов "Таймс" газетіне берген сұхбатында "Британия парламент тобы" өтірік айтады, оларға не бір үлкен мұнай компаниясы, не қазақ үкіметі ақша берсе керек деп мәлімдеді. Орыстілді газеттер "Британия парламент тобы" деген бақылаушылар тобының пікірін Британия парламентінің ресми қортындысы деп жариялап жіберді. Анығында "Британия парламент тобы" деген ұйымды Лондонда орналасқан "Каспий ақпарат орталығы" деген мекеме құрған. "Каспий ақпарат орталығы" ұйымының бір ғана әрі директоры, әрі қызметкері бар екен. Джеральд Фрост деген бұл азамат "Каспий ақпарат орталығының" бір ғана жекеменшік демеушісі бар, бұл Гонгконгта орналасқан "Тайфун медиа интернешнл" компаниясы, оның Қазақстанда ешқандай мүддесі жоқ деп айтты.

Британия парламентінің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Джон Манн "Таймс" газетіне берген сұхбатында "Британия парламент тобы" Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылау тобының жұмысын жоққа шығару үшін құрылған деп көрсетті. Бұлар неге олай істегенін, оларға кім ақша төлегенін біреу сұрау керек, мұның сұрауы бар, дейді Британия парламентінің өкілі Джон Манн.