Ербаян Мұхтарды ата-анасы Түркияға емдетуге алып кетті

Санавиация қызметкерлері Ербаян Мұхтарды әуежайға апара жатыр. Астана, 27 қыркүйек, 2024 жыл.

Әскерде жүргенде жұмбақ жағдайда басы жарылып, төсек тартып қалған Ербаян Мұхтарды ата-анасы 27 қыркүйекте Түркияға емдетуге алып кетті. Әскери ұшақ жергілікті уақытпен таңертеңгі сегізде Астанадағы қорғаныс министрлігіне қарасты әуежайдан Стамбұлға ұшты.

Таңертең Ербаянның үйіне санавиация қызметкерлері барып, оны әуежайға жеткізді. Жолға шығардан бұрын ол бірнеше күн Астанадағы нейрохирургия орталығында жатқан. Түркияға кетерден бір күн бұрын үйіне шығарған.

Бұған дейін жігіттің жақындары оны Германияда емдетпекші болған. Ол жақтағы оңалту орталығы Ербаян жолға дайындалуы үшін ауруханаға жатуы керек деп айтқан. Ербаянның әкесі Хамит Айтмағамбетовтің сөзінше, Астанадағы нейрохирургия орталығы мен Германиядағы дәрігерлер оның халі туралы сөйлескен, неміс дәрігерлері Ербаянда инфекция бар деп, соған байланысты басқа клиникада ем алуға жіберген.

– Ол клиникаға құжат тапсырып, жауап күтуге тағы уақыт кетеді. Нейрохирургия орталығының дәрігері де уақыт соза беруге болмайды деп кеңес берді. Сосын аяқ асты Түркияға апарамыз деп шештік. Ол жақ алдымен үш айға әкеліңдер деп жатыр, әрі қарай еміне байланысты көреміз. Ем процесі қалай болатыны Түркияға жетіп, толық тексерілгеннен кейін шешіледі деп айтты, – деді Ербаянның әкесі Хамит Айтмағамбетов.

Ербаянның анасы Гүлсім Қамиева "о бастан Түркияда ем алу жағын да қарастырған едік, ұлымның еміне ақша жіберіп, көмектескен жұрт Германияны ұсынды, сол себепті халықтың шешімін таңдадық" деді.

Ербаянның ата-анасы оның аяқтан тұрып кететініне сенімді. Анасы "ұлымның өмірге деген талпынысы бар, күресіп жатыр. Түркияда ем алатыны туралы өзіне айттық, бәрін түсіндірдік, қуанады, көзі күлімдеп, мәз болды" деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әскерде комаға түскен Ербаян Мұхтарды ата-анасы Германияда емдетпек

17 қыркүйекте Ербаянның ата-анасы мен заңды өкілі Инга Иманбай Астанада баспасөз мәслихатын өткізген. Үй іші жол мәселесі қиындық туғызып тұр деп, санавиация бойынша денсаулық сақтау министрлігінен көмек сұраған. Инга Иманбайдың айтуынша, жол мәселесін шешуге денсаулық сақтау, ішкі істер, қорғаныс министрлігі атсалысқан.

Заңгер баспасөз мәслихатында тергеудің баяу жүріп жатқанына шағынған. Бұған дейін әскери бөлім "сарбаз әжетханада құлап, басын кафельге соғып алды" деген. Заңгердің айтуынша, іс осы жерден тоқтап қалған. Инга Иманбай баспасөз мәслихатынан кейін тергеу сол күйі тұр, тергеуші хабарласпады деді.

– Қазір сот-медициналық сараптама қорытындысын күтіп отырмыз, ол жаққа тәуелсіз сарапшылар да қосқанбыз. Сараптамаға үмітіміз мол. Қорытындысы бойынша тергеуге өз талаптарымызды қоямыз, – деді Инга Иманбай.

Биыл тамызда ішкі істер министрлігі Ербаянның ісі бойынша тергеу жалғасып жатыр, бұл іс министрлікке қарасты әскери-тергеу департаментінің бақылауында деп хабарлаған.

22 жастағы Ербаян Мұхтар былтыр көктемде өз еркімен әскерге кеткен. Ол азаматтық борышын Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде өтеп жүрді. Бірақ желтоқсанда әжетханада жұмбақ жағдайда басы жарылып, комаға түскен. Төрт айдай ес-түссіз жатып, биыл мамырда оянған. Жігіттің ата-анасы әскери бөлімнің ресми мәлімдемесіне сенбейді.

Instagram әлеуметтік желісінде Ербаянға арналған парақша ашылып, жақындары оның еміне жұрттан көмек сұрады. Жас жігіттің төсек тартып жатқан видео-фотосы желіде көп тарап, жұрт анасының шотына жаппай ақша аудара бастады. Ербаянның еміне 230 млн теңге (480 мың АҚШ доллары) жиналған.