АҚШ-та "Хелен" дауылынан кейін су тасқыны болып, кемінде 35 адам мерт болды

АҚШ-та "Хелен" дауылы әлі басылмады. Associated Press агенттігінің жазуынша, табиғи апаттан кемінде 35 адам мерт болған. Дауыл әсіресе елдің оңтүстік-шығысын көбірек шарпыған. Соның салдарынан кейбір үйлердің шатыры ұшып, ағаштар тамырымен жұлынған.

Мамандар дауылды қауіп жағынан бес балдық Саффир-Симпсон шкаласының төртінші категориясына жатқызады. Жел жылдамдығы сағатына 225 шақырым. Джорджия штатының губернаторы Брайан Кемптің айтуынша, ондаған адам қираған үйлерде қалған, құтқару қызметі оларға көмек көрсетуге тырысып жатыр.

Дауылдың салдарынан Флорида, Джорджия, Солтүстік және Оңтүстік Каролина штаттарында қатты су тасқыны болған. Дауыл бойынша ұлттық орталық оларды "теңдессіз апат" деп атады. Билік табиғи апат болған аймақтардағы халыққа көмектесуге құтқару қызметі мен ұлттық гвардияны жұмылдырды. Құтқару операцияларына шамамен 4 мың ұлттық гвардия өкілдері мен 450 арнайы көлік, тікұшақ пен катерлер қатысып жатыр. Тұрғындарға шұғыл эвакуация жөнінде хабар берілді.

Дауыл мен тасқынның салдарынан өте маңызды жүйелерден ақау шыққан. Қазір 4,6 млн-нан астам тұрғын үй мен коммерциялық ғимарат электр энергиясынан ажыратылған. Кейбір елді мекендерде тұрғындар үйлерінің шатырында табиғи апаттың басылуын күтіп отыр.

"Хелен" дауылы күштілігі жағынан Флоридада - 7-ші, ал жалпы АҚШ-тың бақылау тарихында 14-орында тұр. Ол тек адамдарға жайсыздық тудырмай, мақта мен пекан жинау науқанына да зиянын тигізіп отыр.

  • Ғаламдық жылыну ауа райының күрт құбылуына ықпал етеді: су тасқыны, құрғақшылық, орман өрті, дауыл, қатты ыстық немесе қатты суық жиілей түседі. Табиғи апаттың салдарынан адамдар мен жануарлар өлімі жиілеп, олардың миграциясы арта түседі. Үйлер мен инфрақұрылым қирап, жайылымдар жойылады.