Пәкістанда Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырады

Ми-8 тікұшағы

Пәкістанда ресейлік ұшқыш басқарған тікұшақ апатқа ұшырады. Бортында 14 адам болған Ми-8 тікұшағы Ауғанстан шекарасына жақын Солтүстік Вазиристан аумағына құлаған. Нәтижесінде алты адам опат болды, сегіз адам зардап шекті деп хабарлады пәкістандық Geo басылымы.

Дереккөздердің хабарлауынша, үш ұшқыш – Ресей азаматтары. Олардың қаза болғандар арасында бар-жоғы белгісіз.

Тікұшақ мұнай барлау және өндірумен айналысатын пәкістандық Mari Petroleum Limited компаниясына тиесілі. Апат мұнай кенішіне жақын жерде болды деп айтылады. Компания өкілі апатқа техникалық ақау түрткі болғанын айтты.

Жергілікті полицияға сүйенген Washington Post жазуынша, тікұшақтың қозғалтқыш істемей қалған.

Shot телеграм-арнасының жазуынша, қаза болғандар арасында Пәкістан теңіз күштерінің екі офицері мен бір теңізшісі бар. Үш ресейлік әскери ауруханаға жатқызылған.