Ресейде соғыста қаза болғандарға арналған ескерткішке кедей аймақтар көп қаржы жұмсаған

2023 жылдан бері Ресей аймақтары Украинадағы соғыста қаза болған әскери қызметкерлерді еске алу мемориалдарына 150 млн-нан астам рубль жұмсаған. Бұл жөнінде The Moscow Times басылымы жазды. Бұл бойынша ескерткішке шамамен 42 млн рубль жұмсаған Байкал өңірі алда тұр.

Екінші орында – Тува республикасы (23 млн-нан астам рубль), үшінші орында Ямал-Ненецк автономды өлкесі (21 млн-нан астам рубль) тұр.

Тува Ресейдегі ең кедей аудандардың рейтингісінде талай рет бірінші орынға шыққан, ал Байкал өңірі Ресейдегі ең кедей он өлкенің біріне кіреді.

BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" жүргізген есеп бойынша, қыркүйектің басындағы мәліметке сәйкес, Украинадағы соғыста Байкал өңірінен шыққан кемінде 1212 солдат мерт болған, ал Тува республикасында – 716, Ямал-Ненецк автономды өлкесінен барған кемінде 252 адам опат болған. The Moscow Times зерттеуіне сәйкес, Ямал-Ненецк автономды өлкесі соғыс кезінде зираттарды үлкейтуге қаржы бөлу бойынша алдыңғы орында тұр. Мұнда осы мақсатқа 15 млн-нан астам рубль жұмсалған.

Байкал өңірінде мемориал кешендері Агинское ауылында (11 млн-нан астам қаражат жұмсалған), Борзя қаласында (9 млн-нан астам), Нерчинск зауытында (10 млн-нан астам), Могойтуй ауылында (11 млн-нан астам) салынған. Борзя қаласында "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының қызметкерлерін талай жерлеген. Кейбір өңірлерде ескерткіш уақытында ашылмаған, себебі елді мекендердің өздері тас жолдан алыс орналасқан және ауылдың өзінде жол жөнделмеген.

  • Украинаға қарсы соғысқа қатысушыларға ескерткіш салуды Владимир Путиннің өзі ұсынған. Ол 2023 жылы облыс басшыларына «арнайы әскери операцияға қатысушылардың есімін мәңгі қалдыруға бағытталған қосымша шара қабылдауды» тапсырған. Осыдан кейін Ресейде мемориалдар ашыла бастады, кейбірі көп ұзамай бұзылған. Мысалы, Уфада Ресей әскеріне арналған "Үйге қайту аллеясы" бұзылған. Оның орнында бизнес-орталық салынуы мүмкін.