Тоқтар Төлешов пен сегіз адамның соты жабық өтеді

Тоқтар Төлешов (оң жақта) пен оның адвокаты Мархаба Жақыпова (ортада) Еңбекші аудандық сотында сөйлесіп тұр. Шымкент, 13 шілде 2017 жыл.

"Мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеті" үшін 21 жылға сотталған Тоқтар Төлешов "салықтан жалтарған" және "пара берген" деген айыппен тағы жауапқа тартылды. Шымкент соты тоғыз адамның ісін жабық тыңдауда қарайтынын хабарлады.

Шілденің 13-і күні Шымкенттегі Еңбекші аудандық сотында қазір түрмеде 21 жылдық сот жазасын өтеп жатқан кәсіпкер Тоқтар Төлешов пен "оның сыбайласы" деп танылған 8 адам – Самат Алдабергенов, Ольга Аллакулиева, Гүлжан Бексейітова, Нұржан Қарақожаев, Светлана Лукина, Мадияр Мұсаев, Алексей Носков пен Құрмаш Омаровтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасты.

Таңертеңгі сағат 10:00-да басталған сотқа Тоқтар Төлешовті арнайы күзетпен жарты сағат бұрын жеткізді. Сот залында өзін еркін ұстаған Төлешов кейбір адвокаттармен күліп амандасты.

Тоқтар Төлешов (оң жақта) сотқа келген қорғаушы Базарбай Сыздықовпен қол алысып тұр. Шымкент, 13 шілде, 2017 жыл.

"Тоқтар Төлешовтің сыбайласы" ретінде жауапқа тартылған сегіз адамның арасында мемлекеттік қызметкерлер де бар.

Сот тыңдауын жүргізіп отырған судья Мырзалы Жорабаев сотталушыларға құқықтарын түсіндіріп, олардың қандай айыптар бойынша сотқа тартылып отырғаны туралы хабарлады.

Тоқтар Төлешовке "салықтан жалтарғаны", "қаржылық және бухгалтерлік есепте жалған мәліметтер көрсеткені", "қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайласа қатысқаны" және "аса ірі көлемде және бірнеше мәрте пара бергені" үшін қылмыстық кодекстің алты бабы бойынша айыптар тағылып отыр.

"Шымкент сыра" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас бухгалтері қызметінде істеген Светлана Лукинаға қылмыстық кодекстің "салықтан жалтару" және "бірнеше мәрте пара беру" баптары бойынша, "Дархан шыны зауыты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметін атқарған Ольга Аллакулиеваға "салықтан жалтару", жеке кәсіпкер Құрмаш Омаровқа "қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайласа қатысу", "салықтан жалтару" және "бухгалтерлік пен қаржылық есеп заңнамасын бұзу", "Шымкент сыра" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары болған Алексей Носковқа "салықтан жалтару" және "қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайласа қатысу" баптары бойынша айыптар тағылған.

Тоқтар Төлешовпен бірге қылмыстық іс бойынша айып тағылған сегіз адам Еңбекші аудандық сотында отыр. Шымкент, 13 шілде 2017 жыл.

Бұлармен бірге Шымкент қаласының Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкерлері – бөлім басшысы Гүлжан Бексейітова "пара алған" және "лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдаланған", бөлім басшысының орынбасары Самат Алдабергенов пен бас мамандар Нұржан Қарақожаев және Мадияр Мұсаев "пара алған" деп айыпталып отыр.

Сотталушы Ольга Аллакулиева, Светлана Лукина және Мадияр Мұсаевтың адвокаттары клиенттерінің өздеріне тағылған айыпты мойындайтындарын айтып, заң аясында жазаларын жеңілдетуді сұрап сотқа өтініш білдірді. Судья олардың өтініштері алдағы сот барысында қаралатынын айтты.

Бұдан соң прокурор Жасұлан Әділбайұлы бір сағатқа жуық уақыт оқыған айыптау актісінде сотталушылардың бірлесіп жасаған ұйымдасқан іс-әрекетімен мемлекетке аса үлкен көлемде шығын келтіргені, ауыр коррупциялық қылмыс жасалғаны, сотталушыларға қандай қылмыстық әрекеті үшін қай бап бойынша айыптар тағылғаны айтылған.

Тоқтар Төлешов пен тағы 8 адамның үстінен қозғалған қылмыстық істің материалдары. Еңбекші аудандық соты, Шымкент, 13 шілде 2017 жыл.

Прокурор айыптау актісін оқып болған соң судья Мырзалы Жорабаев сот тергеуінің басталуы жабық өтетіні туралы жариялап, БАҚ өкілдерінің сот залынан шығуын сұрады. "Істі қарауды аяқтаған соң өздеріңізді шақыратын боламыз" деді судья.

Бұған дейін Азаттыққа комментарий берген адвокат Мархаба Жақыпова қорғауындағы Тоқтар Төлешовтің өзіне тағылған айыптарды ішінара мойындайтынын айтқан болатын.

Тоқтар Төлешовтен басқа онымен бірге сотталып жатқан сегіз адамның кейбірі бұған дейін сот шешімімен үйқамаққа алынған, кейбірі ешқайда кетпеітін туралы қолхатпен бостандықта жүр.

"Шымкент сыра" зауытының иесі болған кәсіпкер Тоқтар Төлешов 2016 жылы қаңтардың 30-ында Шымкент қаласында тұтқындалған.

Оқыңыз: Төлешов мүлкі тәркіленіп, 21 жылға сотталды

Бизнесменге "қылмыстық топ құрып, билікті басып алмақ болған" және "жер дауына қатысты митингілерді қаржыландырған" деген айыптар тағылған. Өткен жылғы қарашаның 7-сі күні Астананың мамандандырылған ауданаралық әскери соты Тоқтар Төлешовті 21 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге, дүние-мүлкін тәркілеуге, мемлекеттік марапаттарынан айыруға үкім кескен. Ол жолы да Тоқтар Төлешовтің ісі бойынша сот процесі жабық өткен еді.