"Барбаросса" жоспары: 80 жыл бұрын нацистер СССР-ге қарсы соғыс бастады

Қару-жарақ асынып, зеңбірек сүйреген неміс әскерінің совет шекарасын кесіп өтіп бара жатқаны бейнеленген бұл фото 1941 жылы 22 маусымда таңертең Совет Одағына қарсы басталған шабуыл, яғни "Барбаросса" операциясы барысында түсірілген алғашқы суреттердің бірі.

Неміс әскері өртеніп жатқан совет ауылына қарап тұр, 1941 жылғы маусым айы.

"Барбаросса" –​ адамзат тарихында құрлықтағы ең ірі соғыс операциясы болды: шамамен 3,8 миллион сарбаз, мыңдаған танк пен ұшақ және жарты миллионнан астам жылқы Финляндия шығанағынан Қара теңізге дейінгі аралықта Шығыс Еуропа арқылы Своет Одағына қарай жылжыды.

Қонышына граната қыстырған неміс сарбазы 1941 жылы маусымда совет жеріндегі елдімекеннің бірінде жүр.

"Барбаросса" операциясының бір себебі нацистер басшылығы "адам санатына жатпайды" деп санаған славян халықтарына деген нәсілдік өшпенділікке келіп саятын. Нацистердің "Шығысқа арналған бас жоспары" славяндардың көбін жойып жіберуді я құлға айналдыруды, ал Совет Одағының ауқымды бөлігіне ұлты неміс адамдарды қоныстандыруды көздеді.

Генрих Гиммлер және басқа да жоғары шенді нацистер 1941 жылы наурызда совет жерінде ұлты неміс адамдарға арналған қоныстар құру жоспарын талқылап тұр.

Нацистер басқыншылық операциясына бірнеше жыл бойы дайындалды, ал олардың көсемі Адольф Гитлер бұл туралы 1925 жылғы өзінің "Майн кампф" манифестінде былай деп меңзеген: "Егер біз қазіргі Еуропадағы жаңа жерлер мен территориялар жайлы айтар болсақ, ең алдымен тек Ресей мен оған бағынышты елдер еске түседі".

Мотоцикл мінген нацистер 1941 жылғы маусымда өртеніп жатқан совет танкінің жанынан өтіп барады.

Алда басқыншылық болатыны туралы ондаған мәрте ескерту алғанына қарамастан, 22 маусымдағы тұтқиылдан жасалған шабуылдан мүлде есі шығып, құты қашқан совет басшысы Иосиф Сталин қала сыртындағы үйінен шықпай, екі күн бойы ешкімнің көзіне түспеген дейді қолда бар тарихи деректер.

Патша заманынан қалған Мосин-Наганның көне мылтығымен қаруланған совет азаматтары майданға аттанды.

Қашан түсірілгені белгісіз бұл фотода совет әскерінің нацистер армиясына қарсы шабуылға шыққан сәті бейнеленген.

Сталин өзін есеңгіретіп тастаған күйзелістен арылып, басшы тізгінін қайта қолға алған бойдан-ақ Қызыл Армия жауынгерлері бір жағынан нацистік соғыс машинасымен, екінші жағынан тылдағы совет саяси комиссарлармен бетпе-бет қалды. Комиссарларға дезертирлерді көрген бетте атып тастауға және олардың отбасы мүшелерін тұтқындауға пәрмен берілді.

1941 жылы шілдеде түсірілген суретте қазіргі Беларусь аумағындағы Березинада болған шайқас кезінде оқ тиген совет бомбалаушы ұшағының жерге құлап бара жатқан сәті бейнеленген.

1941 жылы тамызда нацистер Мәскеуге жақындаған кезде бомбадан жасырынып, «Маяковская» метро станциясын паналаған бейбіт тұрғындар.

Нацистік армия қолға түсірген совет әскері. Германия тұтқынында болған совет әскерилерінің жартысына жуығы қамауда көз жұмды. Деректерге сәйкес, америкалық және британ тұтқындар арасындағы өлім-жітім көрсеткіші төрт пайыз болған.

Нацистер әскері Мәскеу-Смоленск теміржолы бойында 1941 жылдың тамызында совет жауынкүштеріне қарсы шайқасып жатыр. Советтің КВ-1 әскери танкісі қан майданның қақ ортасында қалып қойған күйі тұр.

Гитлер Мәскеу мен Ленинградты (қазіргі Санкт-Петербург) тез басып алуды бұйырғанымен нацистер әскері көп ұзамай қатты қарсылыққа кезікті және аталған екі қаланың ешбірін жаулай алмады.

Неміс сарбаздары балшыққа батқан машинаны саздан итеріп шығаруға тырысып жатыр, 1941 жылдың аяғы.

Күзгі жаңбыр басталғанда нацистер қолбасшылары ұзаққа созылатын қақтығыстарға дайындалуға мәжбүр болды, себебі "генерал Сазбалшық" пен совет армиясы нацистердің ілгері жылжуына бөгет жасады.

Т-34 танкінің қолдауымен Қызыл Армия жауынгерлері нацист басқыншыларға қарсы ауқымды шабуыл бастап, ауыл аумағы арқылы алға беттеп барады.

Көптеген тарихшылар 1941-42 жылдар аралығындағы күз бен қыс мезгілін Гитлердің Совет Одағына басып кіру операциясының күйреуінің басы деп қарастырса да, ол уақыт адамдардың жаппай азап шегуі енді ғана басталған аса ауыр кез еді.

Ер адамдар 1942 жылы қазанда нацистер қоршауындағы Ленинград көшесінде құрбан болған адамдарды жинап жүр.

Ленинградты жаулай алмаған нацистер қаланы қоршап алып, халықты аштан қырмақшы болды.

Бұл парақтар Таня Савичеваның Ленинград қоршауда қалған кезде өз отбасының алты мүшесінің бірінен соң бірі қаза болғаны туралы жазған күнделігінен алынған. Бірінші жазбада (жоғарыда сол жақта) оның әпкесі Женяның қашан қайтыс болғаны айтылған: "1941 жылғы 28 желтоқсанда түсте". Соңғы екі бетте (төменгі оң жақта): "Бәрі бақилық болды... Тек Таня қалды" деп жазылған. Көп ұзамай Таня Савичева ішек туберкулезінен көз жұмды.

Неміс әскері 1941 жылдың қазан айында Минскіде нацистерге қарсылық көрсету қозғалысына мүше болған Мария Брускина мен Владимир Щербацевичті дарға тартқалы тұр.

Ұсталғаннан кейін көп ұзамай Брускина анасына былай деп хат жазды: "Бұдан былай маған бола еш әуре-сарсаңға түспейсің деп саған ант етемін. Мүмкіндік болса маған көйлегімді, жасыл жейдемді және ақ шұлығымды беріп жіберші. Бұл дүниемен қош айтысарда киімім көрер көзге дұрыс болсын".

Украинада, Ивангород маңындағы далада өзі өлтірілерден бірнеше минут бұрын анасы баласын нацист оғынан қорғап қалуға тырысып жатыр. Сол жағында – әлгінде өлтірліген басқа әйел жатыр, ал оң жағында – бір топ адам қабір қазып жатқанға ұқсайды.

Нацистік "ажал эскадрондары" (кей кезде жергілікті халық оларға қолдау танытқан) "Барбаросса" шабуылынан кейінгі жылдары миллиондаған адамның, әсіресе еврейлер мен "азиялықтардың" көзін жойды.

Украинаның Винница қаласында нацистер атқалы тұрған еврей.

Британ тарихшысы, жазушы Джонатан Димблби өзі зерттеген нацистер мен олардан "кек аламыз" деп өзеуреген Қызыл армия жасағының істеген зұлымдығының ауырлығы сондай, ол жайлы "тіпті айтуға дәтің бармайды" дейді.

Фашистер азаптап, дарға асқан орыс партизан қызы.

Димблби нацистік "ажал эскадроны" мүшелері "көшеден қосылған маскүнем я ақыл-ойы кем нашақор емес еді" дейді. "Олар білімді адамдар болатын, арасында жоғары оқу орнын бітірген дәрігерлер, осы топқа өз еркімен қосылған мемлекеттік қызметкерлер болды".

1943 жылы Сталинградтың орталығында жүрген Қызыл армия сарбаздары.

Совет әскері жеңіске жеткен Сталинград шайқасы нацистердің Совет Одағы жеріне баса-көктеп кірген шабуылының шарықтау шегі болды. 1943 жылдың көктемінен бастап неміс әскері тек шегініп отырды. Жаудың бетін қайтарған Қызыл армия ақыр соңында оны Берлинге қарай ығыстыра бастады.