Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың экс-премьер Әкежан Қажыгелдинмен кездесуі жайында және тағы басқа жемқорлық, Қазақстаннның жоғары лауазымды қызметкерлеріне байланысты материалдар жарық көрді.

Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев осы аптадағы қазақстандық басылымдардың негізгі кейіпкеріне айналды. «Известия Казахстан» газеті оның Батыс Қазақстан академиясы ғылыми қызметкерлерімен бірлесе отырып, жүйке клеткасын трасплантация жасау бойынша сәтті жүргізген операциясын мадақтаса, Парламент депутаты Ерасыл Әбілқасымов «Время» газетіне берген сұқбатында оған трайбализмге жол берді деген айып тақты.

Депутаттың айтуынша, Досқалиев мырза Денсаулық министрлігінің орталық аппараты мен республикалық денсаулық сақтау ұйымдарын «ақтөбелендіріп», мамандарды Қазақстанның батыс өңірінен таңдаған. «Олардың біліктілігі көбіне-көп төмен келеді»,- дейді Әбілқасымов. Сонымен бірге депутат мырза Досқалиевтің министр ретінде мәселе шешуде шарасыздығын, қызметкерлерімен сөйлесу мәдениетінің төмендігін тілге тиек етіпті.

Ал «Жас алаш» газетінде «Кіші Тұрысбеков Шымкентті шулатып жатыр» деген мақалада журналист Ғалымжан Елшібай Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Зауытбек Тұрысбековтің ұлы Асқар Зауытбековтің Шымкент әуежайына басшылыққа тосыннан тағайындалуының заңды екендігіне күмән келтіреді. Журналистің хабарлауынша, «отызға толмаған кіші Түрысбеков» «атқа қонысымен, ә дегеннен жаңа командасын жасақтауға құлшына кірісті», ал «есесіне бұрынғы басшының кезінде еңбек еткен адамдарға «лауазымды қысқарту әдісін» қолданып, есебін кемітуге көшкен».

«Бүгін подполковник қалайша жылдам генерал атана алды?», - дейді халықаралық «Транспаренси Казахстан» қорының директоры Виталий Воронов «Московский комсомолец в Казахстане» газетіне берген сұқбатында. Оған оның өзі: «Өте оп-оңай – ақша, туыстық, әулеттік байланыстар»,- жауап береді. Вороновтың айтуынша, қазір Қазақстандағы сыбайлас жемқорлардың жасы 20-дан басталады. Өйткені, мемлекеттік қызметке дәл осы жастан бастап баруға рұқсат берілген.

«Азат» газетінің 30-шы нөмірінде орыс тіліндегі «Қалай демократиялы ел атануға болады?» деген мақалада Айдарбек Алтынбай АҚШ Мемлекеттік департаментінің Қазақстанды АҚШ Конгресінің адам құқығы мен демократияландыру саласындағы талаптарына жауап беретін ел деп қорытынды жасауына не арқау болды деген сауалға жауап іздейді. Мақала соңында автор оған Қазақстандағы мұнай байлығы себепші болды деген түйін жасайды.

Ал «Казахстанская правда» газеті кеше Қытай шекарасынан 140 шақырым жердегі Қазақстанның Шығыс әскери округінің полигонында Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің терроризмге қарсы әскери ойындарын басталғанын хабарлайды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен экс-премьер Әкежан Қажыгелдин алдыңғы айда Парижде кездесті деп топшылайды «Сөз» газеті 44-ші нөмірінде. Газеттің мәліметттеріне қарағанда, «кездесу өте ауыр басталғаны анық болмаса да, мәлім. Бірақ ана тіліне көшісімен әңгіме жараса бастаған. Кездесудің немен тәмамдалғаны белгісіз.Бірақ кейбіреулер күздің орта шенінде Дуванов пен Жақияновтың, қарағандылық құқық қорғаушылардың түрмеден мерзімінен бұрын босау уақытының париж кездесуінің нәтижелерін шығару кезеңімен сәйкес келуінен байланыс іздейді»,- деп хабарлады “Сөз” газеті.

“Ана тілі” апталығында Дағжан Белдеубайұлы биылғы жылғы талапкерлерге ұсынылған тест сұрақтарында қатенің көптігін тілге тиек етсе, “Эспресс К” газеті Лисаковск қаласының тоғызыншы сынып оқушысы Семен Бегунның қабылдау комиссиясына орта мектеп бітіргені туралы куәлік өткізбестен, жоғары оқу орнына қалай табысты емтихан тапсырғанын баян етеді.
XS
SM
MD
LG