Accessibility links

Түркі мемлекеттерінің ұйымы аймақта Ресейдің орнын баса ала ма? 


Түркі мемлекеттерінің ұйымы саммитіне қатысушылар: Қырғызстан, Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан және Венгрия басшылары қолдарын бұлғап, Самарқанда суретке түсіп тұр. Өзбекстан, 11 қараша 2022 жыл.
Түркі мемлекеттерінің ұйымы саммитіне қатысушылар: Қырғызстан, Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан және Венгрия басшылары қолдарын бұлғап, Самарқанда суретке түсіп тұр. Өзбекстан, 11 қараша 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Түркі мемлекеттерінің ұйымы аймақта Ресейге балама күшке айнала ма деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар латын әліпбиіне көшу отарсыздану мен түркі елдерімен жақындасуға бастайтын қадам екенін, бірақ геосаяси және ұлттық азшылықтарға тигізер салдары барын талдады. Бұдан бөлек 70 жыл бұрын елде жойылып кеткен Тұран жолбарысы Қазақстанға оралғанын жазды.

"ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ҰЙЫМЫ РЕСЕЙГЕ БАЛАНС БОЛҒАНЫМЕН ОНЫ АЛМАСТЫРА АЛМАЙДЫ"

Британдық Economist газеті Түркі мемлекеттерінің ұйымы аймақта Ресейдің ықпалын теңдестіретін күш екенін жазды.

13 қыркүйекте Астанада аяқталған, 89 ел қатысқан Көшпенділер ойындары, шын мәнінде, түркі жобасы. Түркі әлемі Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркіменстанды қамтып, Азия мен Еуропаны біріктіреді. Сонымен қатар Ресейдің көптеген ұлттық азшылықтары мен Қытайда тұратын 12 миллион ұйғыр халқы да түркі әлеміне кіреді. «Совет өкіметін, бүгін Ресей мен Қытайды өркендеп жатқан түркі елдерінің ұлттық бірегейлігі идеясы үрейлендіреді».

Көшпенділер ойындары – осы ұлттық бірегейліктің бір нышаны болса, Түркі мемлекеттерінің ұйымы – тағы бір белгі. Басылым бұл ұйым бұрын автократтардың мінбері болса, қазір білім беруден сыртқы саясатқа дейінгі әртүрлі саладағы ынтымақтастықты қамтитын құралға айналды дейді. Бұл ұйым аймақта Ресей үстемдік ететін басқа топтарды баланстауға көмектесіп жатыр. «Бұл елдер өз орнын өзгертіп, Ресейді алшақ ұстауға тырысып жатыр», дейді Гарвард университетінің профессоры Наргиз Касенова.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынындағы көкпар. Астана, 8 қыркүйек 2024 жыл.
Дүниежүзілік көшпенділер ойынындағы көкпар. Астана, 8 қыркүйек 2024 жыл.

Түркі мемлекеттері ұйымындағы жетекші ел – Түркия. Оның басқа елдермен сауда-саттығы 2015 жылдан бері екі есе артып, былтыр 12,6 миллиард долларға жетті.

Ресей Украинаға басып кірген соң, Орталық Азия елдерінің Мәскеуге сенімі төмендеді. «Қазақ шенеуніктері жария түрде солтүстік көршіге сөз тигізбеуге тырысады. Бірақ өзара әңгімеде олар «бұған тойғанын айтады», дейді қазақстандық сарапшы. «Қорғаныс министрлігі мен күштік құрылымдардың санасы түбегейлі өзгерді».

Аймақ Ресейдің қару-жарағына тәуелділікті азайтуды көздейді, Түркия бұл сәтті оңтайлы пайдаланып жатыр. Economist 2020 жылы Әзербайжан Арменияға қарсы Түркия дрондарын қолданғанын еске салды. Енді ол дрондарды Өзбекстан, Қырғызстан мен Түркіменстан сатып алды. Қазақстан Түркияның ANKA дрондарын елде шығару бойынша келісімге қол жеткізді.

Британдық басылым Ресей аймақта әлі де ықпалды деп тұжырымдайды. Қазақстан мұнайының 80 пайызы Ресей арқылы экспортталады. Елге интернет трафиктің 95 пайызы Ресейден келеді. Қазақстан мен Қырғызстан Ресей кіретін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше. Аймақ елдерінің әскері негізінен Ресейдің қару-жарағын пайдаланады.

Бішкектен шамамен 200 шақырым жерде өткен Қазақстан мен Қырғызстан қарулы күштері қатысқан ҰҚШҰ-ның «Мызғымас бауырластық-2023» әскери жаттығуы. 11 қазан 2023 жыл.
Бішкектен шамамен 200 шақырым жерде өткен Қазақстан мен Қырғызстан қарулы күштері қатысқан ҰҚШҰ-ның «Мызғымас бауырластық-2023» әскери жаттығуы. 11 қазан 2023 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Ресей Украинаның шығысында басып алған жерлерді мойындамайтынын мәлімдеген соң, Ресейдегі сот қазақ мұнайын экспорттайтын Каспий құбыр консорциумының жұмысын уақытша тоқтатты. «Кремльшіл пропагандистер Қазақстанда орыстілділер кемсіту көріп жатыр деген негізсіз мәлімдеме таратты. Онысымен Ресей елдің солтүстігінде тура Украинаның шығысында осыдан он жыл бұрынғы оқиға тәрізді бүлік жасай алады дегенді меңзеді», дейді басылым.

«Аймақ әзірге Ресейден бас тарта алмайды. Астанадағы шенеуніктер «көпвекторлы сыртқы саясат туралы» айтады. Түркі мемлекеттерінің ұйымымен серіктестік Ресейге балама болғанымен, оны алмастыра алмайды. Бірақ Түркиямен ынтымақтастық арқылы олар Ресейге қарсы баланс ұстана алады».

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ ӨТУ ГЕОСАЯСАТ, ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІК ПЕН ДЕКОЛОНИЗАЦИЯМЕН АСТАСЫП ЖАТЫР

АҚШ-тағы Diplomat басылымы Қазақстан үшін латын әліпбиіне көшудің қандай артықшылықтары мен тәуекелдері бар деген сұраққа үңілді.

Қазақстанда латын қарпіне көшу мәселесі 1990-жылдардан бері көтеріліп келді, бірақ үкімет бұл бастаманы тек 2010 жылдардың аяғында қолға алды. Мақала авторы Азшылық мәселелері жөніндегі Еуропа орталығының ғылыми қызметкері Әзиз Бердіқұловтың жазуынша, латын қарпіне көшу ұлттық бірегейлікті күшейтіп, деколонизация символына айналды. Алайда елдегі азшылықтарға мұның әсері қандай болмақ деген сұрақ туындайды.

2017 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан 2050» құжатында ел 2025 жылы латын әліпбиіне өтеді деп белгіледі. Содан бері қоғамға латын әліпбиінің бірнеше нұсқасы ұсынылды, бірақ бәрі сынға ұшырады. Соңғы нұсқа 2021 жылы ұсынылды, дегенмен ол әлі ресми түрде қабылданбады.

Шенеуніктер кирилл әліпбиі қазақ тілінің дыбыстық құрылымына сай келмейді деп есептейді. Ал латын әліпбиі Қазақстанды әлем экономикасына интеграциялап, ғылыми инновация мен технологияларды қолжетімді ете түседі.

Автор жаңа әліпбиге өту өте қымбатқа түсетініне назар аударды. 2018 жылғы есеп-қисапқа сәйкес, оған 664 миллион доллар жұмсалады. Бұл − білім беру бастамалары мен жаңа оқулықтарды басып шығаруға кететін сома. Мұғалімдерді даярлауға 332 миллион доллар керек. Қомақты шығынға байланысты латын әліпбиіне көшу процесі 2031 жылға қалды.

Бердіқұлов латын әліпбиіне көшкенде оның орыстілді азшылыққа тигізетін салдарын ескеру керек дейді. 2021 жылғы дерекке қарағанда, елдегі этникалық орыстардың үлесі 15,5 пайыз. Орталық Азия елдерінің ішінде ең көп орыс ұлтының өкілдері Қазақстанда тұрады. 2021 жылғы халық санағына қатысқандардың 83,7 пайызы орыс тілінде сөйлей алатынын айтқан. «Кирилл қарпі орыс тілі мен бірегейлікпен байланысты, сол себепті қазақ тілінің латын әліпбиіне өтуі орыстілділерді маргинализациялауға алып келетін әлеуметтік-мәдени өзгеріс тудыруы мүмкін», деп жазады зерттеуші.

Одан бөлек кириллица Ресейдің аймақтағы ықпалымен және мұрасымен байланысты екенін ескерсек, мұның геосаяси салдары болуы ықтимал. Сондықтан бұл қадам Астананың Мәскеуден, Совет мұрасынан алшақтап, Батыс және түркі елдеріне жақындауы деп қарастырылады. Әзірге Мәскеудің бұған қатысты реакциясы ұстамды. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров латын әліпбиіне өтуді орыстілділердің құқығын бұзу деп есептемейтінін айтты. Бірақ Қазақстанды бұл үшін сынаған ресейлік сарапшыар мен ақпарат құралдары көп болды.

Латын әліпбиіне өту – Совет мұрасынан арылып, деколониязацияға бастайтын қадам. Сондай-ақ ол Ресейден алшақтап, әлем экономикасына қосылудың құралы. Жаңа әліпбиге өтуді түркітілдес елдермен жақындасу, түркітілдес елдер одағын нығайту ұмтылысы деп те қарастыруға болады.

Бердіқұлов латын қарпіне өтерде үкімет қоғамда экономикалық және тіл мәселесі бойынша жік тудырмас үшін мәдени, білім беру мен геосаяси қауіпті ескеріп, тіл саясатын барынша инклюзивті жүргізуі керек деп қайырады.

ЕЛГЕ ОРАЛҒАН ТҰРАН ЖОЛБАРЫСЫ

Eurasianet басылымы осыдан 70 жыл бұрын Қазақстанда жойылып кеткен Каспий жолбарыстары немесе Тұран жолбарыстарын елге әкеліп жерсіндіру бағдарламасын қолға алғанын жазды. 23 қыркүйек күні елге Нидерландыдан екі жолбарыс жеткізілді. 2025 жылы Ресейден тағы төрт Амур жолбарысы сатып алынбақ.

Экология министрі Ерлан Нысанбаев Амур жолбарыстары Тұран жолбарыстары тәрізді қатты суыққа төзімді екенін айтты. Мысықтұқымдас жануардың «Амур» және «Тұран» түрлері бір болып есептеледі, сондықтан Қазақстанға әкелінген жолбарыстарды «Тұран» тұқымына жатқызуға болады.

Нидерландтан Қазақстанға жеткізілген амур жолбарысы. Экология және табиғи ресурстар министрлігі жариялаған сурет.
Нидерландтан Қазақстанға жеткізілген амур жолбарысы. Экология және табиғи ресурстар министрлігі жариялаған сурет.

Үкімет жолбарыстарды әкелу бастамасын 2010 жылы көтерді. Сегіз жылдан соң БҰҰ даму бағдарламасының қолдауымен «Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи қорығы» құрылды. Жолбарыстар болашақта осы қорықты мекендейді. Қорық Балқаш көлі маңындағы мыңдаған гектар орман аумағын қамтиды.

Жолбарыстар үлкен аумаққа көшпес бұрын оның маңында қоршауға алынған шағын аумақта акклиматизациядан өтіп жатыр. Болашақта қорықты жүз жолбарыс мекендейтін болады.

Тұран жолбарыстары бұрын Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы Іле мен Сырдария өзендерінің жағасындағы қамысты тоғайлар мен ормандарды мекендеген. Совет одағы тұсында жолбарыстар малды қырып, кейде адамдарға шабуыл жасаған соң, олар жоспарлы түрде ауланды. Соңғы Тұран жолбарысы 1948 жылы ауланған.

Шенеуніктер жолбарыстар мекендейтін қорық шалғай жерде орналасқандықтан, жаңа популяция адамдарға немесе малға қауіп төндірмейді дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG