Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда мәслихатқа сайлау алдында оппозиция өкілдеріне көрсетіліп отырған қысым туралы және тағы басқа саяси-әлеуметтік жағдйларға орай мақалалар жарық көрді,

Жаңадан жарық көре бастаған «Фаренгейт бойынша 451 градус» апталығының алғашқы нөмірі Қазақстандағы оппозициялық күштерге қарсы мақалаларға арналғанын аңғару қиын емес. Мәселен, «Демократтар туралы шындық», «Ақ жолдың» саяси белсенділігінің екі факторы, «ҚДТ Мұхтар Әблязовқа қарсы» және тағы басқа материалдар ортақ сарында жазылған. Осы газеттегі «Назарбаевтан соң неге дайындалу қажет?» деген мақалада автор Қазақстан президентін елін тығырықтан шығарғанымен, премьер-министр орынтағынан айырылған Ұлыбританияның бұрынғы басшыларының бірі Черчильмен салыстырады. «Иә, қоғам оннан астам жыл бір ғана адамның басқаруынан жалығады», - дейді мақала авторы Базарбай Сүндетов.

“Қазақстан оппозициясынан сайлауға түспекші болған үміткерлер саны бір адамға кеміді”, - деп хабарлайды “Азат” газеті кезекті санында. Газет мәліметтеріне қарағанда, Бакиров деген азамат балаларын Астана арқылы Омскіге демалуға жіберген кезде жол жөнекей балалардың екеуі ұрланады, «Бала ұрлаушылар қарапайым талап қояды – кандидаттыққа тікелуден бас тарт. Әйтпесе, балаларың сол күйі «жоғалып кетеді» деп уәде еткен», - деп жазады «Азат» газеті.

«Біздің сайлау туралы заңымыз Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастық ұйымының ескертпелерін ескерген күннің өзінде бір нәрсенің өзгере қоюы күмәнді», - деп есептейді Әлім Бейбарысов осы газеттің «Даңғаза мәнеріндегі утопия» атты орыс тіліндегі мақаласында. Өйткені, оның пікірінше, заңдағы талаптар Батыстағыдан басқа жағдайда жүзеге асырылатыны мәлім. Автордың айтуынша, Орталық Сайлау комиссиясының құрамын өзгертпей, жергілікті сайлау комиссияларына өзгерістер жасау құр далбаса. «Ал Орталық сайлаукомға ең құрығанда саяси тәуелсіз және ең бастысы – қайсар адамның келуі – мүлдем жүзеге аспайтын утопия», - деп жазады автор.

«Ұлттық сайлаудың ерекшеліктері» деген мақалада «Новости недели» газетінің қызметкері Асқар Омаров журналистік эксперимент жүргізіп, сайлауға қатысып көруді жөн санайды. Ол алғашқы кезеңнен-ақ заң бұзушылықтарға күә болады, Сайлау комиссиясында заңда көрсетілген 3 қана құжаттың орнына сегізге жуық құжат әкелу жөнінде талапты көлденең тартыпты.

«Құдай қаласа, біз көп кешікпей оңтүстік астанадағы басты әуежай құрылысының берілуіне күә боламыз», - деп кезекті уәдесін береді Алматы әуежайы құрылысының тәмамдалуы жөнінде Алматы қаласының әкімі Виктор Храпунов «Егемен Қазақстан» газетінде. Газет тілшісінің айтуынша, бұл құрылыс 2000 жылы желтоқсан айында басталып, ұзын-ырғасы 18 айда аяқталуы көзделген. «Қала басшыларының өткен жылдың соңында бір мереке күндері алдында әуежайды пайдалануға беру жайлы ықылас білдірген уәделі сөзін еске сала кеткен едік», - деп жазады журналист. Жоғары Сот төрағасы Қайрат Мәми осы газеттегі сұқбатында Қазақстандағы сот жүйесіне присяждық халық өкілдерін енгізуді көздейтін «Алқабилері туралы» жаңа заң жобасы төңірегінде сөз қозғайды.

«Эспресс К» газеті алғашқы бетін «Ресей қазақстандық азаматтардың артынан фискалды тыңшылық құруын доғарды» деген тақырыптағы мақаламен ашыпты. Онда Ресей үкіметі қаржы министрлігі жанындағы қаржы мониторингі бойынша комитетке ЕвразЭҚ құрамына кіретін ел азаматтарына қатысты қолданылып келген салық заңдарын өзгертуді жүктеген. Газет тілшісінің айтуынша, бұрын Қазақстан азаматтарына қаржы мониторингі комитетінің арнайы рұқсатынсыз Ресейден құны 20 мың доллардан асатын дүние-мүлік сатып алуға тиым салынып келген. Ал осы сомадан асатын іскерлік келісімдер туралы мәліметті кәсіпкер өз клиентінің сыртынан қаржы мониторингі комитетіне беріп отыруға мәжбүр болған.

«Иә, біздің қылмыс әлемінде тыңшыларымыз бар», - деп мәлімдейді «Аргументы и факты Казахстан» газетінде ішкі істер министрі Қайырбек Сүлеймов. Министр өз сұқбатында «сенім телефоны» арқылы Алматы қаласының ішкі істер басқарамасына дайындалып жатқан немесе болған қылмыс туралы 300 хабар түссе, оның 49-ы расталғанын айтады. Өз сұқбатында министр тергеу изоляторын Әділет министрлігіне беру жөніндегі кейбір депутаттардың ұсынысына қарсылығын білдіріпті.

Ал «Известия - Казахстан» газетінде құқыққорғаушы Жеміс Тұрмағамбетова қазіргі қылмыстық-атқарушы жүйедегі жаңа тағайындалулардың зардаптары үлкен болуы ықтималдығын алға тартады.

Шикізат өндіретін компанияның заң бұзушылықтарына тоқаталады «Заң газетінде» Серік Жолдыбай. Оның мәліметтеріне қарағанда, «Қытай мұнай инженер-құрылыс тобы» кәсіпорнында жұмыс істейтін «ең төмені айында 400 доллардан жалақы алатындардан ұсталатын салық аударылымдары Қазақстанға емес, Қытайға тамады». Себебі, олар сырттан келген жұмысшылармен еңбек шартын Ақтөбедегі еншілес кәсіпорынмен, яғни, өз жерімен емес, Пекинде орналасқан, біздің еліміздің резиденті болып табылмайтын Қытай мұнай инженер-құрылыс корпорациясымен жасатқан, - деп хабарлады «Заң газеті».
XS
SM
MD
LG