Accessibility links

“Жанар-жағар май бағасы неге қымбаттады?”


Биылғы жылы отандық бидай өнімдері 3,5 миллион тоннаға артық шығарылғанымен, астық жинау қарсаңында жанар-жағар май бағасы алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46 пайызға қымбаттады.

Өзін Владимирмін деп таныстырған кезедейсоқ көлік жүргізушісі: “Жанар-жағар май бағасының қымбаттауы халықтың, оның ішінде жүргізушілерді қорлаумен тең. Өйткені, бағаның 40 пайызға қымбаттауын ештеңемен түсіндіруге болмайды“, - дейді. “Бензин тапшылығын Павлодардағы мұнай өңдеу зауытының жөндеуде тұрғандығымен түсіндіреді. Шын мәнісінде осы оқиға жыл сайын қайталанды”, - деді жүргізуші. Ал жұма күні Павлодар қаласындағы мұнай өңдеу зауытына хабарласқанымызда, қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз: “Зауыт жөндеуден шыққанын”, алайда, “оның қашан іске қосылғанын айта алмайтындығын”, ал түсіндірме беретін азаматтардың барлығы іссапарда екендігін айтуымен әңгімені доғарды.



Қазақстан Фермерлер ассоциациясының президенті Әділхан Өмірбаев та жанар-жағар май рыногындағы жағдайдың түсініксіз екендігін тілге тиек етті. “Бұл өзімізге де түсініксіз. Өйткені, Қазақстанда инфляция төмен, мұнайдың бағасы ішкі рынокта өзгерген жоқ. 2 жыл болды мұнайдың бір тоннасы 50 доллардан аспайды. Дегенмен, астық бағасының өскені бәрімізге аян. Меніңше, жанар-жағар май бағасының қымбаттауы негізінен осымен байланысты.” Ал Павлодар мұнай өңдеу зауытының жанар-жағар май бағасына әсері туралы: “Бір жақты пікір айту қиын. Бірақ соңғы 1-2 жылда күз кезінде үш зауыттың бірі міндетті түрде тоқтап қалатыны рас. Президенттің тапсырмасы бойынша, мелекеттік орындар осы зауыттарды тексеріп жатқаны мәлім”, - деді. Қазір осы мәселемен тікелей шұғылданып жатқан Монополияларды реттеу және бәскелестікті қорғау агенттігінің Бәскелестікті қорғау және үйлестіру департаментінің басшысы Әлия Жұмабаева қазір Шымкент мұнай өңдеу зауытына қатысты заң бұзушылықтардың табылғанын хабарлайды. “Олар өнімді көтерме бағамен сатты. Оған айғақтарымыз бар. Сондықтан, заңға сәйкес шара қабылдаймыз”, - дейді Жұмабаева ханым. Ең қызығы, Павлодар зауытын тексеру кезінде ешқандай кілтипан табылмаған. Алайда, “бұл жерде өнім шығарушылардың өздерін ғана емес, сол өнімдерді таратушыларды да тексеру керек”, - деп есептейді Жұмабаева ханым. “Азаттық” радиосына берген түсіндірмесінде ол мұнай өңдеуші зауыттардың жанар-жағар май бағасын көтеруде өзара уағаластығын дәлелдейтін кейбір құжаттардың бар екендігін тілге тиек етті. Оның айтуынша, зауыттарды сотқа беру үшін әлі де қазан айының 1-не дейін тексеріс жүргізу керек, Ал осы уақытта жанар-жағар май бағасының қымбаттауы азық-түлік рыногында жағымсыз көрініс беруде. “Біріншіден, статистикалық мәліметтер бойынша, нанға, ұнға, макарондарға баға көтеріліп жатыр. Астықтан жасалатын жемнің бағасының өсуі етті қымбаттатады. Тамыз айында инфляция 0,2 пайыз болғаны белгілі. Етке баға біртіндеп көтеріліп келеді”, - дейді Өмірбаев.

Жыл сайынғы жанар-жағар май бағасының құбылуын реттеудің жолдары бар ма? “Біріншіден, - дейді Фермерлер ассоциациясының президенті Өмірбаев мырза, - үш зауыттың Қазақстанда монополистер екендігін түсінуіміз керек. Олардың жұмыстарындағы монополия туралы заңға сәйкес емес тұстары анықталуы тиіс. Екіншіден, вице-премьер Сауат Мыңбаев дұрыс ұсыныс жасады. Яғни, мемлекет жанар-жағар май бағасы арзандайтын қыс кезінде үлкен көлемде оны сатып алып, бағаны түсіру үшін күзде ауылдағы жұмыстар басталған кезде ішкі рынокқа жіберуі тиіс. Үшіншіден, қазіргі Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауыты кеңес заманында салынған. Енді монополияны жою үшін мини-зауыттар болса да, жаңа мұнай өңдейтін кәсіпорындар салуымыз қажет. Мәселен, арақ-шарап рыногында зауыттар салу арқылы монополияны бұздық емес пе?!”

“Содан кейін қазіргі жұмыс істеп тұрған зауыттар басшылығы болашақты ойлағандары абзал. Фермерлердің табысы көп болса, олар қосымша тракторлар, комбайндар сатып алады. Ал бұл келесі жылғы мұнай өнімдеріне деген сұранысты арттырмай ма?” – дейді Қазақстан фермерлер ассоциациясының президенті.
XS
SM
MD
LG