Accessibility links

“Қазақмұнайгаз” ұлттық компаниясы бұқаралық ақпарат холдингін құрмақ, бұл Қазақстан баспасөзінің төңірегінде алаңдаушылықты көбейте түсті


Тәуелсіз радиокомпаниялар мен телекомпаниялар Қазақстанда баяғыда тұншықтырылған, тәуелсіз бірен-саран газет қана қалды. Алайда, Қазақстан үкіметі енді жаңа ақпарат компаниясы құру арқылы баспасөз базарында монополия билігін одан сайын күшейтпек көрінеді.

Билік басындағы жеке топтардың жеке ақпарат компанияларын күшейтіп жатқаны сайып келгенде сөз еркіндігін одан сайын азайтуы мүмкін.

"Қазақмұнайгаз" ұлттық компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалин қазан айының басында үкіметке хат жолдап, газет, журнал, телехабар шығаратын холдинг компаниясын ашуға рұқсат сұрады. Бұл туралы Қазақстан баспасөз базарын бақылап отырғандардың арасында әңгіме-дүкен ертерек шығып еді, Ұзақбай Қарабалин "Қазақстан тудей" агенттігіне жақында берген сұхбатында бәрін растады.

"Баспасөз базарында сайлаулардың қарсаңында бәсекелестік күшейіп келеді, "Евразия тобы" деп аталатын корпорация, "31 канал" холдингі алға шығып келеді, мәселен. Сондықтан артта қалмаумыз керек. Қазақстан бейнесін өзіміз қалыптастыруымыз керек, баспасөз шаруасында ішкі базармен шектелмейтін боламыз", дегенге саяды "Қазақмұнайгаз" компаниясының хаты. Бұл әрекетті компанияның жоғары басшысы да "Франс пресс" агенттігіне берген сұхбатында егжей-тегжейлі айтып берді. "Қазақмұнайгаз" компаниясының жаңа сипаттағы ерекше жоспары бар екенін компания департаменті директорының орынбасары Рем Нигматуллин де "Азаттық" радиосына берген мәліметінде растады:

- Ондай әрекет компаниямызда бар. Әңгіме компаниямыздың ақпараттық ықпалын арттыруда болып отыр.

Компания президенті Ұзақбай Қарабалиннің мәлімдемесі жөнінде Қазақстан ақпарат құралдары жазып отырғандай, "Қазақмұнайгаз" Ресейдің "Газпром" компаниясы сияқты жеке баспасөз холдингін құрмақшы. "Газпром" компаниясы – Ресейдің мұнай және газ саласындағы алпауыт, газ саудасында тіпті бірден- бір монополист. "Газпром" компаниясы құрған "НТВ" телекомпаниясы кезінде батыс журналистикасының үлгісіндегі еркін ақпараттың бұлағы болды.

Ресей басына Владимир Путин келіп, қоғамдағы либерализация тарыла бастағанда "НТВ" телекомпаниясының басшылары да ауыстырылды, бағыт бағдары да кері бұрылды. "Қазақмұнайгаз" енді сол "НТВ-мен" біріккен "НТВ-Қазақстан" телекомпаниясын құрмақшы. Мұның сыртында экономикалық газет, "Известия-Қазақстан" газетін шығарып, Ресей нарығында да бой көрсетпекші.

Қазақстан баспасөзін қазір жеке холдингтер билеп отырғаны белгілі. Олардың ең жуаны - "Хабар" телекомпаниясы бастаған холдинг - президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы, олигархтардың бірі деп танылған Австриядағы елші Рахат Әлиевтің әйелі Дәриға Назарбаеваның қарамағында. Тәуелсіз сарапшылар Назарбаевтың екі күйеу баласы – Рахат Әлиев пен Тимур Құлыбаевтың арасында жеке бәсеке өсе түсті, мәселе сонда дейді:

- Тимур Құлыбаев қарап отыр ғой, анау Рахаттың да ісі бар деп. Енді менде сондай шығарып аламын деп отыр ғой. Сайлаулар келе жатыр ғой. Мәжілістің сайлауы, сосын көреміз, ар жағында президенттікі.

Қазақстан Республикалық халық партиясы деп танылған ең ықпалды оппозициялық ұйымның басшыларының бірі Әлихан Рамазанов бұл жерде Тимур Құлыбаевтың астыртын әрекетін көрсетіп отыр. Тимур Құлыбаев "Қазақмұнайгаз" компаниясы президентінің орынбасары деп аталғанымен, істің барлық тетігі соның қолында:

- Екеуі бір- бірімен кей жерде айқасады. Қазіргі ана КТК телекомпаниясы мен "Қазақстан" телекомпаниясы айқасып жүргендей. Сондай бір -бірімен кішкене айқасуы болады. Анау да, мынау да бір- бірін талауы мүмкін. Ол талау Қазақстанда дағдарыс болғанда орын алады.

Екі күйеу баланың өзара теріс бәсекелестігі Қазақстанның онсыз да көтерем баспасөзіне тоқпақты көбейте түседі дейді Әлихан Рамазанов:

- Бәрі қайта-қайта халықтың басын айналдыру үшін істелінген нәрселер. Олардың газет ашуға қажеті жоқ ешқандай. Неге десеңіз газеттер толып жатыр, ел оны оқымайды. "Егемен Қазақстан" , "Казахстанская правда", анау "Новое поколение", толып жатыр ғой. Бәрі бір нәрсені жазады. Оны ел оқып жатқанын көрсін!
XS
SM
MD
LG