Accessibility links

Өзбек үкімет Әндіжанда түрмеге қарулы шабуыл жасалғанын хабарлады


Өзбекстан үкіметі Әндіжандағы түрмеге шабуыл кезінде 9 адам опат болып, 34 адам түрлі жарақат алған деген ресми ақпарат таратты.

Мамырдың 13-іне қараған түні бір топ адам Әндіжанда түрмеге, патруль-бекеттік қызметтің кезекшілік бөліміне және полиция күштеріне шабуыл жасап, жүздеген тұтқындарды босатып жіберген. Хабарларға қарағанда, жұма күні шерушілер мен үкімет арасында келіссөздер басталды, бірақ, әзірге оның нәтижесі белгілі болмаған.

Наразылық танытушылар билік тарапынан тиым салынған исламдық топқа мүше болды деген күдікті айыппен сотқа тартылған 23 адамның босатылуын талап еткен. Жауапқа тартылушылар болса, бұл тағылып отырған айыптардың саяси және экономикалық астары бар деп мәлімдеді.

Ташкент жұма күні таңертеңгісін Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан қаласында қарулы шерушілермен келіссөздердің басталып, жүріп жатқандығын хабарлаған болатын. Сондай-ақ, Әндіжандағы белсенділер де келіссөздердің, демек, екіжақты әңгімелесулердің бейбіт жағдайда өтіп жатқандығын Азаттық радиосына берген сұхбаттарында растаған-ды. Алайда кешке қарай белгілі болған мәліметтерге қарағанда келіссөздерде ешқандай мәмілеге қол жетпеген көрінеді.

«Акрамия» исламдық тобына қатысы болғаны үшін түрмеге төрт жыл өмірін берген Шарипжон Шакиров Азаттық радиосына Әндіжандағы аймақтық әкімшілік ғимаратынан берген сұхбатында, шабуыл жасағандар мен ресми билік өкілдері арасында жүріп жатқан келіссөздер турасында былай деді:

- Иә, олар келіссөз өткізіп жатыр. Өзбекстан ішкі істер министрі Закир Алматов өзбек президенті Ислам Кәрімовтың атынан сөйлеуде, ал біздің тараптан олармен Парпиев Қобижон келісімдер жасасуда.

Оқиғаларды көзбен көргендердің айтуынша, Әндіжанда бірнеше ғимараттар қирап, өртенген, ал наразылық акциясына қатысушылар аймақтық әкімшілік үйін қоршап басып алған. Шерушілердің бірі Азаттық радиосының тілшісіне өздерінің бірнеше полиции қызметкерін кепілдікке алғандарын айтқан.

Ал өзінің атын атамаған шерушінің тағы бірі шабуылшылар келіссөздерге арағайын ретінде Ресейдің қатысқанын қалайды деп айтқан.

- Біздің талаптарымыз бейбіт сипатта. Біз Ресей үкіметінің Әндіжанда болып жатқан оқиғаларға араласқанын өтінеміз, өйткені олар бізде қандай мәселелер орын алып тұрғаны жайында біледі, - дейді бұл шеруші талапкер.

Шакировтың Азаттық радиосына кейінірек берген сұхбатынан белгілі болғанындай, келіссөздерге Ресей арағайын болсын деген талаптарын олар Рейтер агенттігі арқылы жариялаған, бірақ, оған әзір ешқандай жауап болған жоқ деген.

Әндіжандағы ахуалға байланысты келіссөздерге Ресей арағайындық етсін дегеннен басқа да қандай талаптар қойылып отырғаны жөнінде Азаттық радиосына берген сұхбатында Шакиров былай деп атап көрсетеді:

- Біздің екінші талабымыз, 23 адамға қарсы «Акрамия» тобына мүше болды деп қозғалып жатқан қылмыстық іс толық тоқтатылсын, оның ішінде «Акрамия» ислам тобының негізін қалаушы Акрам Юлдошев те бар. Біз олардың бәрі де жалған айыптармен ұсталып отырғанын білеміз, өйткені оларды Өзбекстанның саяси тұтқындары деуге болады. Мен мұны білемін, өйткені мен өзім де түрменің дәмін татып көргем.

Акрамия Юлдашев соңғы төрт жылдан бері түрмеде отыр. Шакировтың айтуынша, билік өкілдері шерушілер қойып отырған талапты қабылдағылары келмеген, оның есесіне ішкі істер министрі Закир Алматов сендердің елден кетіп қалуға мүмкіндіктерің бар деп айтқан.

Өзбекстаннан алынған хабарларда полиция тарабынан да, қарсылық акциясын жасаушылар жағынан да жараланғандар, басқа да жайттар турасында түрлі деректер айтылуда. Өзбек ресмилері бейсенбіден жұмаға қараған түнгі шабуыл кезінде 9 адам өліп, 34 адам жарақаттанған деген болатын.

Ал оқиғаның куәгерлерінің бірі - Өзбек адам хұқтарының белсендісі Лұтфұлла Шамсутдинов өзінің көргендерін былайша суреттейді:

- Мен Навои көшесіндегі аймақтық әкімшілік ғимаратынан осыдан 15 минут бұрын ғана келдім, бұл Прага уақытымен таңғы сегіздер шамасы болатын. Мен қарулары бар қара киімді адамдарды көрдім, бірақ олардың нақты саны қанша екендігін айта алмаймын.

Түнде жиналған адамдар Әндіжанда абақтыға шабуыл жасап, онда отырғандардың бірқатарын босатып жіберген. Ал оқиғаларға куә болғандардың айтуынша, жиналғандар саны мыңға таяу болған. Хабарларға қарағанда Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов толқулар белең алып тұрған аймаққа ұшып келген.

Өзбек үкіметі көшелерде тұрған қосымша күштердің кетуіне бұйрық берген. Жұма күні Өзбекстанның сыртқы істер министрі Әндіжанның барлық аймағындағы жағдайды өз бақылауымызға алдық деп айтқан. Президенттің баспасөз қызметі болса, президент әкімшілігінің елде төтенше жағдай жариялау туралы ойдан аулақ екендігін айтқан. Өзбек билігі жұманың оқиғаларын «Хизб ут-Тахрир» ұйымымен байланысы бар топтардың, исламдық экстремистік топтармен ісі деп айыптайды. Бірақ шерушілер мұны жоққа шығарады, Шакиров те соны айтады.

Әндіжан - 200 мың тұрғыны бар, Ферғана жазығында жатқан қала, бұл аймақ Өзбекстаннан тартып, Тәжікстан, Қырғызстанға дейін созылып жатыр.

Осы орын алған оқиғалардан соң жұма күні-ақ Тәжікстан мен Қырғызстан, Қазақстан елдерінің өкіметтері өздерінің Өзбекстанмен шектесетін шекараларын жапқандарын мәлімдеді. Бұл аралықта Ташкендегі АҚШ елшілігі Өзбекстан астанасындағы Израил елшілігінің сыртында полиция жарылыс жасамақшы болды деп күдіктелген жанкештіні атып өлтірді дегенді айтты.
XS
SM
MD
LG